Депутат Юри Ли заңсыз брокерлердің жарнамасын тексеруді талап етті

кадр бейнежазбадан

Бүгін Құрылтайда депутат Юрий Ли отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда лицензиясы жоқ күмәнді шетелдік брокерлердің жарнамасы көбейіп кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».  Депутаттар бұл мәселені қатаң бақылауға алып, кешенді тексеру жүргізуді талап етті.

Соңғы жылдары осындай жалған инвестициялық жобалар туралы материалдар «шолу», «пікір» және «сараптама» ретінде беріліп, оқырманға тәуелсіз журналистік ақпарат ретінде ұсынылып келеді. Мәселен, «Ақ жол» партиясының мониторингі нәтижесінде 2023–2026 жылдар аралығында 51 қазақстандық интернет-ресурста 48 түрлі жобаға қатысты 168 жарнамалық материал жарияланғаны анықталды.

Депутат Юрий Ли таратылып жатқан материалдарда лицензияның нөмірі мен оны берген орган туралы ешқандай мәлімет көрсетілмейтінін алға тартты. Мысал ретінде құқық қорғау органдарының назарына ілігіп үлгерген Industrial Trading жобасы келтірілді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ұйымды жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар тізіміне енгізсе де, кейбір отандық сайттарда әлі күнге дейін мақалалары тұрғаны алаңдатады. Бұдан бөлек, NTXPrime, GlobalReachOut, Blu-Alliance және JPM Analytics сияқты тағы да бірқатар күмәнді жобалардың алаяқтық схемалар арқылы азаматтардың қаражатын тартып жатқаны анықталды, - деді депутат Юрий Ли.

ҚР «Жарнама туралы» Заңына сәйкес, жарнама беруші, жарнама өндіруші және жарнама таратушы - жарнама қатынастарының дербес қатысушылары болып табылады. Сондықтан шетелдік жарнама берушінің болуы ел аумағында заң талаптарының сақталуын тексеруден бас тартуға негіз бола алмайтынын алға тартып,  «Ақ жол» фракциясы уәкілетті органдардан көрсетілген барлық фактілер бойынша кешенді тексеру жүргізіп, салалық және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейтуді, сондай-ақ аталған заңсыз жарнамалардың жолын жедел түрде кесуді сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз: