Қазақстан мен Моңғолия ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан мен Моңғолия сауда, инвестиция және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Астанада өткен үкіметаралық комиссияның оныншы отырысында бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаластықтар жасалды. 2025 жылы екі ел арасындағы агроөнеркәсіп өнімдерінің саудасы 32 пайызға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында тағы 11 пайыздық өсім тіркелді. Тараптар жүн мен теріні терең өңдеу бойынша бірлескен кластерлер құруды, өндірістік кооперацияны дамытуды жоспарлап отыр. Қазақстан Моңғолияға теміржол вагондарын жеткізу бойынша шамамен 21 млн долларлық мәмілені пысықтауда. Сондай-ақ екі ел астаналары арасында тікелей әуе қатынасы ашылып, көлік бағыттарын кеңейту мәселесі қаралды. Кездесу қорытындысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біз тек сауда көлемін өсірумен шектелмей, өнімді бірге өңдеуге және өнідірстерді ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүдделіміз. Сондықтан екі тарапқа да тиімді, нақты инвестициялық жобалардың тізімін жасап, оларды мемлекеттік органдар деңгейінде қарастыруды ұсынамыз.