СІМ соғыс аймақтарында қалған отандастарымызды елге қайтаруға кірісті
Сыртқы істер министрлігі қарулы қақтығыс қармауында қалған отандастарымызды елге қайтаруға кірісті. Құзырлы орган Ресей тарапымен бірлескен консультацияларды жалғастыруда.
Жақын арада дипломаттар көршіміздің бірқатар министрімен жолығады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде соғыс болып жатқан аймақтардағы Қазақстан азаматтарының үндеуі жарияланған еді. Олар отанына оралуға жәрдемдесуді сұраған. Бірқатар отбасы көмек сұрап үлгерді. Осы ретте министрлік аталмыш азаматтар жайлы толық ақпарат жинауға қолғабыс сұрайды.
Жанболат Үсенов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға жәрдемдесуді сұраймыз. Азаматтарды құқықтық қорғаумен қамтамасыз ету үшін министрлікке толық ақпарат, яғни олардың тегі мен аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ олар жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы мәліметтер қажет.
Жауаптылар бұл жағдайды назарда ұстап отырғанын айтып, өтініштерді қабылдау үшін арнайы жедел желі жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қазір Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі, Ресейдегі бес қала мен елшілікке хабарласуға болады. Жедел желінің байланыс құралдары экранда көрсетілген.