Қазақстан мен ЕҚЫҰ: адам құқығы саласындағы ынтымақтастық
Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адами өлшем жөніндегі конференциясы басталды. Ауқымды іс-шара адам құқықтарына арналған Еуропадағы басты алаңдардың бірі саналады. Польша астанасындағы жиынға 57 мемлекеттен бір жарым мыңнан астам делегат қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан өкілдері де бар, деп хабарлайды 24KZ.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Алдағы екі аптада Варшава Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында адам құқықтарын талқылайтын негізгі алаңға айналады. Мұнда мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналған. Биыл конференцияны Ұйымға төрағалық ететін Швейцария Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюромен бірлесіп өткізіп отыр.
Іс-шара аясында екі апта ішінде он пленарлық сессия өткізу жоспарланған. Олар заң үстемдігі мен сот тәуелсіздігі, сөз бостандығы, сайлау, кемсітушілікпен күрес, босқындардың жағдайы және гендерлік теңдік мәселелерін қамтиды. Алғашқы күн гуманитарлық мәселелер мен қарулы қақтығыс аймақтарында адамдарды қорғауға арналған. Жиынды ашқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысы конференцияның негізгі мақсатына тоқталды.
Феридун Синирлиоглу, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
– Бұл конференция оған қатысушы мемлекеттер, азаматтар және олар өкілдік ететін қауымдастықтар арасында диалог орнатуға мүмкіндік береді. Адами өлшем қауіпсіздікке деген жан-жақты көзқарасымыздың негізінде жатыр. Қатысушы мемлекеттер Хельсинкиде мойындағандай, қауіпсіздік тек әскери саламен шектелмейді. Оның экономикалық және адами қырлары да бар. Ортақ тұрақтылығымыз осы бағыттардың барлығын бірге қарастыруымызға байланысты.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен серіктестік тарихы терең. Мемлекетіміз ұйымға 34 жыл бұрын қосылып, 2010 жылы Орталық Азия елдері арасында алғаш болып төрағалық етті. Құрылымның 28 жылдан бері жұмыс істейтін Бағдарламалық кеңсесі Қазақстанмен қауіпсіздік, экология, адам құқықтары және заң үстемдігі бағыттарында ынтымақтастық орнатқан.
Николас Мазик, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі адами өлшем бөлімінің басшысы:
– Өздеріңіз білетіндей, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды реформалар жүріп жатыр. Жаңа Конституция қабылданып, Құрылтайға алғашқы сайлау өтті. Заңнамаға да елеулі өзгерістер енгізілді. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық құқық бұзушылық ретінде белгіленді, сталкинг пен қоғамдық орындарда жыныстық сипаттағы әрекеттерге қарсы жаңа заңдар қабылданды. Бұл – оң нәтижелердің жақсы мысалдары. Біз осы бағыттарда ынтымақтастық орнатып, бұл шаралардың іске асып жатқанына қуаныштымыз.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің өкілі бірлескен жұмыстың нәтижесі ретінде мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру мен бірнеше жыл бұрын еліміздің барлық өңірінде өкілдіктері ашылған Омбудсмен институтымен ынтымақтастықты да атап өтті.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан