Қазақстанға Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу режимі сақталады

Фото: depositphotos.com

Құрылтай Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Заң жобасы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды «24KZ».

Хаттамаға сәйкес, мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативті баланстарын жыл сайын келісу тетігі, екі елдің құзыретті органдары арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігі сақталады.

Бажсыз режим Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерімен қамтамасыз ету үшін маңызды. 2026 жылы бұл тетік шамамен 30 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтіледі. Оның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд, авиациялық отын бойынша 8,61 млрд теңге үнемделмек.

Сонымен қатар келісімнің қолданылуын қайта бастау мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативті балансын қалыптастыру кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін қамтамасыз етеді.

Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тұрақтылығын сақтауға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: