Қазақстан Халық Кеңесі жанынан төрт салалық комиссия жұмысын бастады

halyq-kenesi.kz

Қазақстан Халық Кеңесі комитетінің салалық комиссиялары құрылып жетекшілері бекітілді, деп хабарлайды «24KZ».

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің алғашқы отырысы өтіп, мүшелерді салалық комиссиялар құрамына бөлу мәселесі қаралды. Жиынды Комитет төрағасы Марат Әзілханов, Комитеттің ел алдындағы өзекті міндеттерді шешуге жәрдемдесу мақсатымен қоғамдық және сарапшылық әлеуетті біріктірудегі маңызды рөліне тоқталды. Аталған жұмысты жүйелендіру үшін мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың тиімді форматы ретінде төрт салалық комиссия құрылып, жетекшілері тағайындалды:

Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі салалық комиссия - Рауан Кенжеханұлы;

Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссия - Наринэ Микаелян;

Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссия - Ислам Байрамуков;

Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссия - Мәди Мырзағараев.

Жиында Комитеттің мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және Кеңес хатшылығымен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды. Негізгі назар қоғамдық ұсыныстарды салалық комиссиялар мен жұмыс топтарында сараптамалық бағалаудан өткізу арқылы олардың сапасын арттыруға аударылды. Сондай-ақ отырыста сараптамалық кездесулер мен кең ауқымды қоғамдық талқылауларды қамтитын Комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды.

Талқылау барысында мүшелер бірқатар маңызды бастамаларды ортаға салды. Атап айтқанда, Рауан Кенжеханұлы қазақ әдебиетімен қатар өзге этностардың әдеби және мәдени мұрасын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттау қажеттігін айтты. Ал Ольга Спирина қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін қайта қарап, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді ұсынды. Өз кезегінде Ирина Соловьева заманауи технологиялар мен меценаттықты дамыту арқылы музейлерді жастар үшін тартымды орынға айналдыру мәселесін көтерді.

Жиын қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныстар мен бастамалар салалық комиссияларда сараптамадан өтіп, Халық Кеңесі Бірінші сессиясының міндеттерін іске асыруға негіз болатыны атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыз: