Е. Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIV отырысына қатысты
Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті.
Отырыс жұмысына 20 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам беделді өкілі қатысты. Ерлан Қарин өз сөзінде бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, адамды құрметтеу сияқты конституциялық құндылықтар Қазақстанның даму бағдарын айқындайтын маңызды қағидаттар екенін әрі бұлар Съездің миссиясымен үндесетінін атап өтті. Осы ұстанымдарға сүйене отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз теңгерімді және бейбіт сипаттағы сыртқы саясатты тыңғылықты түрде жүргізіп келеді. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастамасына да арнайы тоқталды. Отырыстың басты қорытындысы 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамыту мақсатында әзірленген екі халықаралық құжаттың қабылданды: «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің ролі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі». Сондай-ақ «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары жөніндегі хартия» таныстырылды. Отырыс аясында Ерлан Қарин бірқатар екі жақты кездесу өткізді.
Мұсылман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсаламмен кездесу барысында Вице-Президент Кеңестің Съездің маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, форумның қызметін қолдағаны үшін алғыс білдірді.
БАӘ Толеранттылық және бейбіт өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әл-Сабримен кездесуде әрі қарайғы өзара іс-қимылдың әлеуеті талқыланды.
Сонымен қатар Қытайдың буддистік және даостық ұйымдарының өкілдері Цю Шуан және Сунь Сяомен кездесу өтті. Кездесу барысында олардың Съезд жұмысына қатысуы және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі талқыланды.