Елімізде омбудсменнің өкілеттігі кеңейді

Елімізде конституциялық реформадан кейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мүмкіндіктері он есе кеңейді. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адами өлшем жөніндегі конференциясында мемлекетіміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев мәлімдеді. Конференцияның төртінші күнінде қатысушылар толеранттылық пен кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін, оның ішінде нәсілшілдік, антисемитизм және діни наным-сенімге төзбеушілікпен күрес жолдарын талқылады. Ластаев бұған тыйым салынғанын және бұл талапты бұзғаны үшін заңмен жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Қазір әр өңірде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері жұмыс істейді. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғау тетіктеріне қол жеткізуін жеңілдетті, деп хабарлайды 24KZ.

Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

– Елдегі барлық құқық қорғау органдары, ұлттық құқық қорғау институттары және үкіметтік емес ұйымдар бұл салада тіпті ұсақ заңбұзушылықтарға да жол бермеу үшін жағдайды жіті қадағалап отыр. Біз үшін тұрақтылықты, саяси және ел ішіндегі келісімді сақтау аса маңызды. Қазіргі таңда осы саладағы өтініштер мен шағымдар саны көбейді деп айтуға негіз жоқ. 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде біздің институттың әлеуеті он есе артты.

Сондай-ақ оқыңыз: