Елімізде мәслихат депутаттарының саны қайта қаралды
Қазақстанның бірқатар қаласы мен ауданындағы мәслихат депутаттарының саны өзгерді. Сондай-ақ тізімге жаңа Алатау қаласы мен төрт аудандық мәслихат қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Орталық сайлау комиссиясы тиісті өзгерістерді 2 қазандағы қаулымен бекітті.
Үш қалада депутаттық орын саны қайта қаралды. Ақтөбеде 32-ден 30-ға дейін, Таразда 27-ден 28-ге дейін өзгерсе, Семейде 23-тен 22-ге дейін қысқарды. Ал Алатау қаласының мәслихатына 11 депутаттық орын бөлінді.
Алматы облысының үш аудандық мәслихатындағы орын саны азайды. Қарасай ауданында 30-дан 25-ке, Еңбекшіқазақ ауданында 28-ден 25-ке, Іле ауданында 27-ден 25-ке қысқарды.
Бұдан бөлек, тағы төрт ауданда депутаттық орын саны өзгерді. Жамбыл облысының Жамбыл ауданында 15-тен 13-ке, Абай облысының Үржар ауданында 14-тен 11-ге, Шығыс Қазақстан облысының Күршім және Катонқарағай аудандарында 11-ден 10-ға дейін азайды.
Сондай-ақ тізімге төрт аудандық мәслихат енгізілді. Абай облысының Мақаншы және Жаңасемей аудандарында, Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында 10 депутаттық орын қарастырылған.
ОСК депутаттық орын санын есептеу тәртібін де өзгертті. Бұған дейін құжатта 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халық саны негізге алынған. Енді сайлау тағайындалған күнге дейін статистика органы жариялаған деректер қолданылады.
Мәслихат депутаттарының саны халық санына қарай белгіленеді:
· Облыстық мәслихаттарда халық саны 300 мыңға дейін болса, кемінде 26 депутат болады. Әр қосымша 200 мың тұрғынға екі орыннан қосылады.
· Астана, Алматы және Шымкент мәслихаттарында халық саны 1,1 миллионға дейін болса, кемінде 30 депутат қарастырылады. Әр қосымша 200 мың тұрғынға екі орыннан қосылады.
· Қалалық мәслихаттарда халық саны 50 мыңға дейін болса, кемінде 11 депутат болады. Әр қосымша 25 мың тұрғынға бір орыннан қосылады.
· Аудандық мәслихаттарда халық саны 15 мыңға дейін болса, кемінде 10 депутат болады. Әр қосымша 15 мың тұрғынға бір орыннан қосылады.
Бұл есептеу тәртібі әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта ұйымдастырылған жағдайда қолданылмайды.