Елге Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы мемлекеттік сапармен келді

Бүгін Мемлекет басшысының шақыруымен Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды 24KZ.

Мәртебелі меймандарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайынан арнайы қарсы алды. Салтанатты рәсімде Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестр сап түзеді.

Әлішер Әли, тілші:

- Еуропаның бас қаласы, Бельгияның астанасы Брюссельден мәртебелі меймандар келді. Дәл қазір Король Филипп пен Патшайым Матильда мінген борт елорда әуежайына келіп қонды. Елге мемлекеттік сапармен келген қонақтарды Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қарсы алды.

Тарихи сапар аясында құрмет қарауылы сап түзеп, әскери оркестр ән шырқады. Бұл – король мен патшайымның Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Ертең тараптар сан қырлы серіктестікке серпін беретін жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия басшысы қос ел арасындағы іскерлік кеңестің төрінші отырысына және жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысады. Сапар бағдарламасындағы маңызды нысандардың бірі – балаларды оңалту орталығы. Онда тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды. Қазақстанның Ұлттық музейінде қонақтарға бельгиялық әйгілі суретші Джеймс Энсордың көрмесі ұсынылады.

Ал Назарбаев университетінде аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел өтеді. Сондай-ақ Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы ұйымдастырылады. Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар құжатқа қол қойылады. Еске сала кетейік, Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған 5 жетекші инвестордың қатарына кіреді. Кейінгі 20 жылдағы инвестицияның көлемі 15 млрд доллардан асқан. Ал сауда айналымы былтыр 585 млн долларға жуықтап, 27 пайызға артты. Ал елде Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді.

Авторы: Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: