Үкімет басшысы қатардың PIH компаниясы басшылығымен кездесті
Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауыты салынады.
Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Қатардың Power International Holding компаниясы басшылығымен кездесуінде айтылды. Олжас Бектенов мен Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаят бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар газ өңдеу және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Айта кетейік бүгінде Қашаған кен орнында қуаты 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт келер жылы пайдалануға берілмек. Ал қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын екінші зауыт 2030 жылға пайдаға асады деп жоспарланған. Премьер-министр нысандарды уақтылы қолданысқа беру үшін бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Әрі Қазақстан Үкіметі туындайтын мәселелерді жедел шешуге қажетті жәрдем көрсететінін айтты. Өз кезегінде, холдинг басшылары өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға бейіл екенін жеткізді.