27 мың адам апатты үйлерде қалып қоюы мүмкін: Депутат өңірлердегі мәселені көтерді
Қазақстанда апатты және тозығы жеткен баспаналарда тұрып жатқан 27 мыңға жуық адам көшеде немесе қауіпті үйлерде қалып қоюы мүмкін. Депутат Әмірбек Оспанбеков өңірлерде бұл бағыттағы реновация жұмыстарының сылбыр жүріп жатқанын сынға алып Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгінгі таңда ресми мәліметтер бойынша, республикадағы тұрғын үй қоры 61 367 көппәтерлі үйді құрайды. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, 3 347 үйдің тозығы әбден жеткен (жалпы саны – 4 384 үй). Бұл көрсеткіш шамамен 27 мыңға жуық отбасының қауіпті немесе ескірген баспанада өмір сүріп жатқанын білдіреді.
Депутаттың айтуынша, соңғы 3 жылда республика бойынша бар болғаны 352 апатты және тозығы жеткен үй бұзылып, 200 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынған. Бұл жалпы тұрғын үй қорының тек 0,3%-ын ғана қамтиды.
Тәжірибе көрсеткендей, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық. Бұған мейлінше жол бермеу керек! - деді депутат.
Тұрғын үйлерді жаңарту қарқыны өңірлер бойынша әр түрлі. Мысалы, 2026–2029 жылдарға арналған жоспарларға сәйкес:
Батыс Қазақстан облысындағы 334 апатты және тозығы жеткен үйдің тек 3-і ғана жаңартылмақ (қажеттіліктің небәрі 1%-ы).
Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында бұл көрсеткіш 2% бен 19% аралығында ғана.
Тек үш өңір – Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстары ғана бұл мәселені 2029 жылға қарай толық шешуге дайын екенін көрсетті.
Жалпы алғанда, Үкімет жоспары бойынша 2029 жылға қарай 11 319 пәтер беріледі деп күтілуде. Бұл көшіруге тиіс меншік иелерінің 42%-ын ғана құрайды. Нәтижесінде, 15 653 меншік иесі қауіпті үйлерде қалып қою қаупімен бетпе-бет келіп тұр.
Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз. Көптеген аймақтарда көрсеткіштер өте төмен, ал бұл ондаған мың азаматтың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіре, - деп атап өтті Әмірбек Оспанбеков.
Осы түйткілдерді шешу үшін депутат Үкімет басшысына мынадай нақты ұсыныстар жолдады:
-
Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау үшін Үкімет жанынан депутаттар мен өңір әкімдерінің қатысуымен комиссия құру.
-
Барлық өңірлер бойынша әрбір меншік иесін көшірудің нақты мерзімдері көрсетілген Бірыңғай жол картасын әзірлеу.
-
Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалайтын негізгі көрсеткіштер қатарына енгізу.
Бұл мәселенің қалай шешілетінін«24KZ» бақылауда ұстайтын болады.