Қазақстан мен Өзбекстан кедендегі байланысты нығайтады
Қазақстан мен Өзбекстан кеден саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, өзара сауда мен шекара арқылы өтуді жеңілдетпек. Бұл туралы Құрылтайда екі ел үкіметтері арасында кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісім ратификацияланғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ».
Аталмыш құжат 2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында жасалған болатын. Жаңа келісім аясында тараптар жедел ақпарат алмасып, қатерлердің алдын алу және олардың жолын кесу жөніндегі шараларды бірлесіп келісетін болады. Сонымен қатар екі мемлекеттің құзыретті органдарының жұмысы тиімді үйлестіріледі.
Бұл бастаманы іске асыру Қазақстан мен Өзбекстанның кеден органдары арасындағы іс-қимылды нығайтып қана қоймай, тауарлардың, көліктер мен азаматтардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын едәуір жеделдетуге қосымша қолайлы жағдайлар жасайды.