Қасым–Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Республика күніне орай Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр. Қазақстан Президентін Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Франция және Корея президенттері, сонымен қатар Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің королі III Чарльз құттықтады. Германия, Италия, Австрия, Швейцария және Беларусь басшылары, Армения мен Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрлері, Рим Папасы 14-ші Лев, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш және өзге де әлемдік көшбасшылар ізгі тілектерін жолдады. Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хат жолдап, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өткен. Мемлекет басшысының атына мерекелік құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.