Алдағы үш жылда энергия өндірісі көлемін арттыру міндеті тұр
Президент елдегі электр энергиясы тапшылығын сынға алды. Салада шешілмеген мәселелер шаш-етектен. «Қазақстандық энергия жетіспеушілігі жылда байқалады». Әсіресе қыста сұраныс артқан кезеңдерде көрші елдерден электр энергиясы жоғары бағамен сатып алынады. Кәсіби энергетиктер саны «саусақпен санарлық». Қазақстан 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Өнеркәсібі, құрылысы, агроөнеркәсіптік кешені дамып келе жатқан және ең бастысы – экономиканы толық цифрландыру, деректер орталықтарын салу жоспары бар ел үшін бұл көлем өте аз. Осы орайда Президент алдағы үш жылда электр энергиясы өндірісін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет тұр. 2029 жылға қарай тұрақты энергопрофицитке қол жеткізу керек. Осы мақсатта біз жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр беру желілерін жаңғыртуға, «таза» көмір генерациясын дамытуға мән беруіміз керек. Жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн электр станцияларына баса назар аударған жөн. Жалпы Үкімет елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық балансын өзектендіруі тиіс.