Инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сапасына қалай әсер етеді?
Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі мұқтаж азаматтарға бағытталып, бюджет қаражаты инфрақұрылымды дамытуға тиімді жұмсалуы керек. Ал «Халықтық құрылыс» бастамасы мектептер, ауруханалар мен жолдар салу арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға және адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы әлеуметтану бойынша PhD, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Жанар Нақбаева 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, Президент Жолдауында қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің қалай дамуы керектігі және сыртқы сын-қатерлерге қалай төтеп бере алатыны жөніндегі маңызды сұрақтарға жауап берілді. Ол құжатта екі негізгі бағытқа назар аударылғанын атап өтті. Біріншісі — ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамның бірлігі. Екіншісі — әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың өмір сапасын арттыру.
Егер халық пен билік арасында бір-біріне сенім болмаса, әлеуметтік институттарға сенім болмаса, халықтың арасында тұтастық пен бірлік болмаса, онда басқа жобалардың нәтижесі де төмен болады, - деді Жанар Нақбаева.
Сарапшы «Халықтық құрылыс» бастамасының әлеуметтік маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, жол, мектеп, балабақша, медициналық және мәдениет нысандарының салынуы азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту тек құрылыс жұмыстарымен шектелмей, адами капиталды нығайтуға бағытталуы керек.
Мәселен, сапалы жолдар өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жолға кететін уақытты қысқартады. Ал қолжетімді білім беру мен медицина азаматтардың денсаулығын жақсартып, еңбек ету мүмкіндігін арттырады. Сондықтан әр саладағы инфрақұрылым бір-бірімен сабақтас дамуы қажет.
Нақбаева жаңа нысандар салмас бұрын халықтың нақты қажеттілігін зерттеу маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік инфрақұрылым тұрғындардың сұранысына сай жоспарлануы керек. Бұл — халықтың пікіріне құлақ асатын мемлекеттің маңызды белгісі.
Сарапшы әлеуметтік көмекті бөлу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдауды қысқарту емес, оны шын мәнінде мұқтаж адамдарға әділ әрі мақсатты түрде жеткізу маңызды. Ал бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы инфрақұрылымды дамытуға да мүмкіндік туады.
Бұл жерде мәселе — әлеуметтік мемлекет халықты көмексіз, қолдаусыз қалдыруында емес. Әңгіме әлеуметтік көмекті адал емес жолмен алып отырғандар туралы болып отыр. Негізгі мақсат — көмекті мұқтаж адамдарға беру, - деді Жанар Нақбаева.
Сарапшы азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерге байланысты алаңдамауға шақырды. Оның айтуынша, Президент Жолдауда бұл бағыттағы жұмыстың бірден емес, алдымен пилоттық тәжірибе ретінде жүзеге асатынын атап өткен. Сондықтан өзгерістер кезең-кезеңімен, жан-жақты зерделеніп барып енгізілуі керек.