Құрылтай депутаттары Жолдау тапсырмаларын орындауға кіріседі
Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша депутаттарға нақты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, биылғы Жолдау – жаңа Конституция қабылданып, саяси жүйе жаңарғаннан кейінгі алғашқы Жолдау. Енді мемлекеттік реформаларды нақты іспен жүзеге асыру маңызды. Депутаттар Үкіметпен бірлесіп, заң жобаларын әзірлеу мерзімдерін айқындап, Президент бастамаларының заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілуіне басымдық береді. Сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мәселесі депутаттардың тікелей бақылауында болады. Алдағы уақытта бір топ депутат өңірлерге барып, еңбек ұжымдарымен, жастармен, кәсіпкерлермен және аграрлық сала өкілдерімен кездеседі.
Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:
– Президент назарында адам, өңірлерді дамыту мәселелері тұр. Құрылтай депутаттары Президенттің Жолдаудағы барлық бастамасын қолдайды. Депутаттық корпус тапсырмаларды орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. Әсіресе Жолдау мазмұнын түсіндіру, оны іске асыру жолында назар аударылады. Депутаттар өңірлерге барады, өңір ұжымдарымен кездеседі, пікір алмасады.