Логистика – экономиканың күре тамыры
Жол – мемлекеттің күретамыры. Ол қысы-жазы ел игілігіне жұмыс істеу керек, деп хабарлайды 24KZ.
Академик Бағдат Телтаев «Президенттің бүгінгі Жолдауында логистикаға ерекше мән беруі сондықтан», - дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика аумағындағы халықаралық маңызы бар жолдардың барлығын дамытуды тапсырды. Оның айтуынша, автокөлік, әуе және темір жол қатынастарының ел экономикасына тигізер пайдасы зор. Логистиканың дамуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл ретте көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше назарда болады.
Бағдат Телтаев, академик, Көлік ғылымдары және технологиялар институтының директоры:
– Президентіміз ең бірінші жауапкершіліктен бастады. Негізгі жолдарды келесі жылы толық күрделі жөндеуден өткізіп, қайта құру керек деді. Көлік ағыны ұлғая береді. Сондықтан келер жылы бүкіл шекаралық аймақтағы өткізу бекеттерінің барлығы толық күрделі жөндеуден өтіп, салынып біту керек деген тапсырма болды.