Вице-Президент БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен кездесті
Вице-президент Ерлан Қарин БҰҰ Бас хатшысының балалар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.
Кездесуде балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланды. Ерлан Қарин балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Кейінгі 3 жылда Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған 11 заң қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау және ақпараттық-цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жаңадан 2 заң жобасы әзірленді. 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленіп, іске асырылуда. 2024 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны 45%-ға, ал оларды жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу қылмыстарының саны 10%-ға азайғанына назар аударылды. Ерлан Қарин Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Бағдарлама аясында соңғы 3 жылда 7 млн-нан астам балаға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды. Наджат Маалла Мджид Қазақстанда балаларды қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған реформаларға жоғары баға берді. Сонымен қатар басқосуға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар да қатысты.