Әлемде балаларды әлеуметтік желіден қорғау шаралары күшейіп келеді
Әлем елдері балаларды әлеуметтік желінің ықпалынан қорғау үшін шектеулер енгізіп жатыр. Бірі жасөспірімдердің аккаунт ашуына тыйым салса, екіншісі ата-ананың рұқсатын міндеттейді. Бірқатар мемлекет балалардың Instagram, TikTok пен YouTube-ты қолдануын заңмен шектеді. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Австралия енгізді, деп хабарлайды 24KZ.
Кейін Азия мен Еуропаның бірнеше мемлекеті қолдады. Сарапшылар шектеу жеткіншектерді интернеттегі қауіптен қорғайтынын алға тартса, екіншісі: «Жасөспірімдер бәрібір тыйымды айналып өтудің жолын табады», – дейді. Әлем елдерінің біразында әлеуметтік желіге кіру – енді жас ерекшелігіне байланысты реттелетін заңға айналды. Аустралияда 16 жасқа толмаған балалар Instagram, TikTok, Facebook, YouTube және басқа да ірі платформаларда жеке аккаунт аша алмайды. Тіпті ата-анасының рұқсаты да бұл талапты өзгерте алмайды. 2025 жылдың 10 желтоқсанында күшіне енген заңды бұзған кез келген компания 33 млн АҚШ долларына дейін айыппұл төлейді. Шектеу енгізілгеннен кейін бірнеше күнде 4,7 млн аккаунт бұғатталды. Бұл талап WhatsApp мессенджеріне, электрондық пошта мен білім беру жобаларына қатысы жоқ. Ел премьері: «Жаңа ереже балалардың дамуы мен бақытты балалық шағына, әрі ата-аналардың жан тыныштығына кепіл бола алады», - дейді.
Аустралияның бастамасы Азия елдеріне де ықпал етті. Индонезия мен Малайзия 16 жасқа толмаған балалардың қауіптілігі жоғары деп танылған цифрлық платформалардағы аккаунттарын кезең-кезеңімен бұғаттай бастады. Тізімде Instagram, TikTok, Facebook және Roblox бар. Платформалар пайдаланушының жасын тексеруге міндетті болды.
Еуропада да цифрлық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Грекия мен Түркия 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні шектеу туралы заң бекітті. Ал Португалияда 13 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге ата-анасының келісімі қажет.
Кир Стармер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі:
– Әрбір ата-ана әлеуметтік желілердің балалардың мінез-құлқына әсер етіп жатқанын байқап отыр. Қауіпті контент балалардың психикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар бұл платформалардың тәуелділік тудыратынын көріп отырмыз. Сондықтан біз тек тыйым салумен шектелмей, ауқымды шаралар қабылдап жатырмыз. Өйткені қазір ойын сервистері мен түрлі әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдар балалармен еш кедергісіз байланыса алады.
Дегенмен барлық мемлекет бірдей жолды таңдаған жоқ. Францияның Жоғарғы соты 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заң жобасына қарсы шықты. Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, Үкімет ұсынған жоспар сөз бостандығы қағидатына қайшы. Испания мен Норвегия да мәселені талқылап жатыр. Ал Еурокомиссия балаларды цифрлық ортада қорғау мақсатында биыл қыркүйекте жаңа заң жобасын ұсынды. Құжат әлеуметтік желілерге 13 жасқа дейінгі балалардың кіруін шектеуді және жеке аккаунт ашудың ортақ жас шегін 15 жас деп белгілеген. Алайда бұл әзірге ұсыныс қана.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылы Еуропа, Орталық Азия және Канаданың 44 елі мен аймағында жүргізген зерттеуі алаңдатарлық үрдісті көрсетті. Оған сай 2018 жылы әлеуметтік желіні пайдалану жасөспірімдердің 7 пайызының мінез-құлқына кері әсері байқалса, 4 жылда бұл көрсеткіш 11 пайызға жеткен. Зерттеуге 280 мыңға жуық жасөспірім қатысты. «Мамандар бұл балалардың барлығына интернетке тәуелді деген диагноз қойылмаса да, желіні қолдану ұйқы мен психикалық денсаулығына және күнделікті өміріне әсер ететінін дәлелдеді», – дейді.
Соня Райан, киберқауіпсіздік компаниясының маманы:
– Бізге күн сайын түрлі мәселеге тап болған жастар жүгінеді. Олардың қатарында кибербуллинг, жалған ақпарат, сондай-ақ сексуалдық сипаттағы материалдар арқылы қорқыту мен бопсалау әрекеттері тіркеледі. Осы жағдайлар қатты алаңдатады. Балаларымыз – біздің болашағымыз. Оларды қолдан келгенше қорғауымыз керек. Өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз жасөспірімдер цифрлық ортада сенгіш келеді. Соның салдарынан бейтаныс адамдар мен зиянды контенттің ықпалына оңай түседі.
Жалпы платформалардың жұмыс істеу тәсілі әлеуметтік желіні шектеудің тағы бір себебі болды. Мәселен, онда ұсынылатын бейнематериалдар мен үздіксіз жарнамалар пайдаланушыны экран алдында ұзақ ұстауға бағытталған. Сондықтан кей мемлекеттер баланың өзін емес, технологиялық компанияларды жауапқа тартуға көшті. Мәселен, АҚШ-тың Калифорния штатында биыл қыркүйекте 16 жасқа дейінгі балаларда тәуелділік тудыруы мүмкін цифрлық функциялардан қорғауға бағытталған заң қабылданды. Ал Австралия қыркүйекте жазаны күшейтіп, компанияларға салынатын айыппұлды 76,6 млн долларға дейін көтерді.
Роб Бонта, Калифорния штатының бас прокуроры:
– Калифорнияда және елімізде әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты балалардың психикалық денсаулығы, қауіпсіздігі мен әл-ауқатына алаңдайтын ата-аналар жетерлік. Олардың алаңдаушылығын түсінемін. Бұл мәселе мені де мазалайды. Бірлестіктердің әрекеттеріне бұдан былай төзе алмаймыз. Олар жастарды әдейі нысанаға алып, оларға саналы түрде зиян келтіріп отыр.
Әлеуметтік желіні шектеу балаларды барлық қауіптен қорғай алмайды. ЮНИСЕФ сарапшыларының ескертуінше, жасын растау үшін жеке құжаттарды жинау балалардың дербес мәліметтеріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал кей жасөспірімдер өз жасын жасырып, бөтен аккаунтты пайдаланып, тыйымды айналып өтуі де бек мүмкін. Әрине, балаларды цифрлық қауіптен қорғау маңызды. «Дегенмен интернеттен шеттетіп, ақпарат алу, білім іздеу және қарым-қатынас жасау мүмкіндігін шектемеу үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажет», – дейді мамандар. Ал мұндай ортаны құруға мемлекет те, ата-ана да, технологиялық компаниялар да жауапты.
Автор: Арайлым Жақылыққызы