ҚР ОСК: Жастардың бойында сайлау мәдениетін қалыптастыру қажет
Қазақстан мектептерінде «Сайлау құқығы» атты жаңа сабақ пайда болуы мүмкін.
Мұндай ұсынысты бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жауапты министрлікке жеткізді. «Қазақстан жастары» зерттеуінің нәтижесінде мектеп оқушыларының сайлау туралы білімінің жеткіліксіз екені байқалған. 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің тек 32,4 пайызы сайлау құқықтары мен сайлау өткізу тәртібін жақсы білетінін айтса, 36 пайыздан астамы бұл бағытта ештеңе білмейтінін мойындаған. 5–7-сыныптарға арналған «Конституция негіздері» атты қосымша сабақта Президент пен Құрылтай туралы жалпы түсінік берілгенімен, сайлау жеке тақырып ретінде қарастырылмаған деп отыр. Бұл мәселені бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында талқылады.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
- Бізде шамамен 12 жарым млн сайлаушы бар деп алсақ, оның басым бөлігі жасы 50-ден асқан егде жастағы адамдар. Олардың белсенділігі де жоғары. Себебі халықтың бұл санатында сайлау мәдениеті қалыптасқан. Тіпті дәстүрге айналып кеткен. Ал жастарда әзірге ондай үрдіс қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан біз олардың бойына сайлауға қатысу мәдениетін сіңіруіміз керек. Себебі олардың дәуірі келе жатыр. Жыл сайын бізде 300 мыңнан астам жаңа сайлаушы қосылады. Бұл 3 жылда 1 миллион сайлаушы деген сөз.
Ермек Әбдірәсілов, ҚР ОСК жанындағы сарапшылық кеңес мүшесі:
- Жастар ең алдымен, сайлаудың мағынасын жақсы түсінуі керек. Өйткені мемлекетті басқару. Егер де адамдар осы билікке келіп жатса, сайлау арқылы. Немесе дауыс беру де ол мемлекетті басқару ісіне қатынасы бар. Сондықтан әр адамның құқықтық сана-сезімі терең болуы керек.