Президент Qarmet компаниясының жаңа сұрыпты прокат кешенінің құрылыс алаңында болды
Өндіріс кешені іске қосылғанда жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады.
Жобаның технологиялық серіктесі – қытайлық CERI инжиниринг компаниясы.
Мемлекет басшысына баяндалғандай, жаңа цех беріктігі жоғары, А600 және А1000 санатты болат арматура шығаруға, сондай-ақ бұрыштар, швеллерлер және басқа да сұранысқа ие металл өнімдерінің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Кешенде сағатына 100 тоннаға дейін металл өткізе алатын, өнімділігі жоғары қыздыру пеші бар.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Qarmet сұрыпты прокатты шығару көлемін ұлғайтады. Ал бұл ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайтып, кәсіпорынның құрылыс сегментіндегі, соның ішінде АЭС құрылысындағы әлеуетін кеңейтеді.
Қазіргі уақытта нысанда негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждау және қажетті инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізілуде. Сұрыпты прокат цехын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
️Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 миллиард долларды құрайды. Металлургия комбинатында 4 жаңа жоба, атап айтқанда №8, 9 кокс батареялары, сұрыпты прокат кешені, мырыштау және полимерлі жабын желісі, құю-илемдеу кешенінің құрылысы іске асырылып жатыр.
️Компанияның стратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудалы концентрат өндіретін деңгейге жету. Бұдан бөлек өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, экологиялық көрсеткіштерді арттыру және отандық металл өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту міндеті тұр.