Alatau City жобасы Еуропа елдерінің іскерлік тобына таныстырылды

Alatau City-ді дамытуға екі млрд доллардан астам қаржы тартылады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Еуропада, Alatau City жобасын таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Іскерлік роуд-шоу Лондон мен Берлинді қамтып, қорытынды кезеңі Майндағы Франкфурт қаласында өтті. Онда Alatau City-дің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Шаһардың инфрақұрылымын, өнеркәсібін және технологиялық жобаларын жүзеге асырудың мәселелері талқыланды. Банктер, инвестициялық ұйымдар мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде инфрақұрылымды қаржыландыру, ұзақмерзімді капитал тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану жолдары қаузалды. Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық басымдықтарымен бірге Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне тоқталды. Роуд-шоу қорытындысы жалпы құны екі млрд доллардан асатын 30 шақты құжатқа қол қойылды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бүгін Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуымызды аяқтадық. Нәтижесінде жалпы инвестициялық әлеуеті 390 миллион АҚШ долларын құрайтын жеті келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, инженерлік-сервистік инфрақұрылымды құру, Alatau қаласында медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтингті дамыту мәселелері пысықталды. Сондай-ақ Alatau City Bank пен Deutsche Bank, KfW секілді неміс ұйымдары арасында маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұдан бөлек, аталған банктермен бірлесіп, Alatau қаласындағы жобаларды қаржыландыру бойынша жалпы сомасы 200 млн долларға жуық келісім жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз: