Түркістан облысында қуаты 1000 МВт электр станциясы салынып жатыр
Түркістан облысында қуаты мың мегаватт болатын ірі бу-газ электр станциясы салынып жатыр. Маңызды жоба елдің оңтүстігінде энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізуді тапсырды. Бұл межеге жету үшін республикада жаңа электр станциялары салынып, қолданыстағылары түбегейлі жаңғыртылады.
60 гектар аумақта салынып жатқан станция болашақта ірі энергетикалық орталық болады. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық жетекші компаниялар мен отандық мердігерлер жұмылдырылды. Қазір бу және газ турбиналары, заманауи жылу қазандықтары мен генераторлар орнатылып, оларды баптау және қорғаныс жүйелерінің жұмыс режимін тексеру жүріп жатыр. Ал жоғары кернеулі ашық тарату торабының құрылысы толығымен аяқталды.
Азат Бастарбек, «Түркістан» БГҚ» ЖШС Құрылыс департаментінің жетекші инженер-энергетигі:
– Қазіргі таңда бізде 500 кВт ашық тарату құрылғымыз дайын тұр. Жабдықтардың бәрі 100% қондырылып, кабельдердің бәрі подключение жасалып қойды. Бұл жерде өндірілген кернеуді біз шеткі абоненттерге KEGOC желісі арқылы облысқа және де Шымкент қаласына жеткіземіз.
Мамандардың айтуынша, кешен толық іске қосылған соң өңірдегі энергия тапшылығы түбегейлі шешіліп, өндірістік әлеуетті еселеуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар 600-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Ұлан Бүркітов, «Түркістан» БГҚ» ЖШС басқарма төрағасы:
– Электр станция қосылғаннан кейін осыдан шығарылатын барлық 1000 МВт ұлттық жүйеге қосылатын болады. Дефициттен профицитке ауысамыз. Бұл өте маңызды. Профицит дегеніміз – біздің өндіретін электр энергиямыз өзіміздің қажеттілігімізден артық болады.
Стратегиялық маңызы жоғары жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бу-газ технологиясы – энергетикалық тұрғыдан тиімді әрі экологиялық таза әдіс. Ең бастысы, оңтүстіктің энергетикалық тәуелсіздігін толық қамтамасыз етеді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Облыс өзін-өзі электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігі 1000 МВт болғанымен, жергілікті генерация қуаты небәрі 120 МВт шамасында. Мамандардың айтуынша, бұл бу-газ технологиясын қолдану энергетикалық тапшылықты жоюға мүмкіндік береді.
Енді салаға білікті кадр тарту мәселесі тұр. Жоғары оқу орындары дәстүрлі «мамандық» ұғымынан заманауи білім беру бағдарламаларына көшіріліп жатыр. Бұл өзгеріс энергетика саласын жан-жақты зерделеп, сұранысқа ие кадрларды заман талабына сай даярлауға жол ашады. Осыған байланысты «Электр энергетикасы», «Электрмен жабдықтау» және «Электр энергетикалық жүйелер инженериясы» сияқты жаңа бағыттар ашылды.
Нұрсұлтан Файз, М.Әуезов атындағы зерттеу университеті «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының доценті:
– Біз алдыңғы жылдан бастап білім беру бағдарламасына студенттерді дайындау бойынша коммерциялық, гранттық тұрғыдан студенттердің түсуін 50 баллдан 65 баллға көтердік. 65 баллға көтерудің негізгі мақсаты – студенттерді даярлауда сапалық көрсеткіштерді арттыру.
Мемлекет басшысы электр энергиясымен қамтамасыз етілу елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактор екенін атап өтті. Өз Жолдауында 2029 жылға қарай саланы түбегейлі жаңғыртып, тұрақты профицитке қол жеткізуді тапсырды. Ал өңірдегі бу-газ станциясын келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов