Қазақ тілі БҰҰ-ның жасанды интеллект жүйесіне енгізілді
Қазақ тілінің жаһандық цифрлық кеңістікте қолданысы кеңейді.
Мемлекеттік тіліміз алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының жасанды интеллект негізіндегі аударма жүйесіне енді. Енді қазақстандық ғалымдар, өнертапқыштар мен өзге де мамандар халықаралық жиындардағы баяндамаларды субтитр арқылы бірден қазақша оқи алады. Әзірге бұл сынақ жүйесінде 20 тіл қолжетімді. Жаңалық Женевада Қазақстанның төрағалығымен өткен Зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі алғашқы жаһандық форумда жарияланды. Жиында жасанды интеллект дәуіріндегі авторлық және патенттік құқықтарды қорғау, сондай-ақ адамның цифрлық сәйкестігін сақтау мәселелері талқыланды. Қазақ тілінің бұл жүйеге енуі Еліміздің Женевадағы Тұрақты өкілдігінің бастамасы әрі Ұйымның Хатшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі.
Қайрат Төребаев, ҚР ДСҰ және Женевадағы басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі:
- Алғашқы рет қазақ тілі осы ұйымның жасанды интеллект арқылы аударма жасайтын жүйесіне енгізілді.Енді әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылардың сөздерін қазақ тілінде бірден оқып отыруға болады. Бұл Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілдігінің нақты бір жұмысының нәтижесі деп сенемін. Біздің мақсатымыз өте жай: осы қазақ тілінің әлемдегі деңгейін көтеру, беделін көтеру. Жаңа технологиялар дамып келе жатыр, осы технологиялардан қазақ тілі де қалмай дамуы керек деп сенемін.