Нью-Йоркте The Explorers Club-тың Қазақстандағы бөлімшесі таныстырылды

Нью-Йоркте халықаралық The Explorers Club ұйымының Қазақстанда құрылған Орталық Азия бөлімшесінің ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Ол өңір ғалымдарының шетелдік әріптестерімен бірлескен зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастыруына мүмкіндік бермек. Ғылыми жобаларға халықаралық гранттар мен демеушілік қаражат тартуға қолдау көрсетілмек. 1904 жылы құрылған ұйым зерттеушілерді, саяхатшылар мен табиғатты қорғау мамандарын біріктіреді. Осы жолы халықаралық қауымдастық назарына Қазақстанның табиғи және тарихи мұрасы ұсынылды. Британдық зерттеуші Ник Филдинг Сырдария бойындағы көне қалалар мен олардың өркениетаралық маңызына тоқталды. Табиғатты қорғау маманы Альберт Сәлемғараев ақбөкен санын қалпына келтіру тәжірибесін таныстырды. Кездесуге Президенттің арнаулы өкілі Ержан Қазыхан, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов және клубтың президент-эмеритусы Ричард Уиз қатысты. Клуб өкілдеріне ат әбзелдері мен құсбегілік құралдары сыйға берілді.

Ник Филдинг, Британиялық зерттеуші:

– Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы ел. Мұнда көретін де, зерттейтін де дүние көп. Мәдениеті мыңдаған жылдан бастау алады. Екі жарым мың жыл бұрынғы сақ өркениетін, оның өкілдерінің қорғандарынан табылған алтын бұйымдарды айтсақ та жеткілікті. Табиғаты да сан алуан: асқар таулар, көлдер мен өзендер, ұлан-ғайыр дала. Сондықтан жұртқа үйреншікті бағыттан шығып, Қазақстанды өз көзімен көруге кеңес беремін.

Ричард Уиз, The Explorers Club ұйымының эмеритус-президенті:

– Қазақстанның қатарымызға қосылуы клубтың географиялық ауқымын кеңейтеді. Елдеріңіздің ғылыми зерттеулер жөнінде де бай тарихы бар. Менің бір арманым – Қазақстанда жаһандық зерттеулер саммитін өткізу. Оған қазақстандық ғалымдар мен әлемнің түкпір-түкпірінен зерттеушілерді жинасақ деймін. Жаңа идеялар осындай жиындарда туады.

Сондай-ақ оқыңыз: