Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеме жасады

Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мемлекеттік компаниялардағы жемқорлыққа тоқталып, үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сапалы салынуы керек, – деді. Президент бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап екенін атап өтті.

«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары ұсталды. Осыған байланысты Президент бүгін Ақордада шұғыл отырыс өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиға – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай екенін айтты. «Ал тергеу мәселелерін заң бойынша ашып көрсетуге болмайды», – деді. Алайда бұл – Заң мен Тәртіп тұжырымдамасы орнағалы мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздің Конституциясы 15 наурызда жалпыұлттық референдум кезінде бірауыздан қабылданды, 1 шілде күні заңды күшіне енді. Осылайша, мемлекетіміздің бас құжаты әділетті түрде «Халық Конституциясы» деп аталды. Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ.

Конституцияны сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланады

Конституция – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан ата заңды күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Енді Конституцияны сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланады. Оны бүгін Президент айтты. Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Мемлекет басшысы елдің абыройына да назар аударып, Ұлттық әл-ауқат қорының жұмысына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Самұрық-Қазына» қоры елдің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады.

Биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты 751 құқықбұзушылық анықталды

Елде кейінгі үш жылда 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылық анықталды. Оның 2 165 мемлекеттік қызметшілер жасаған. Ал жалпы сомасы 248 млрд теңгеден асады. Биылғы он айдағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге тиесілі. Енді түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты істерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді. Жемқорлықты жою үшін қабылданатын шаралар халыққа ашық көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Статистикадан көріп отырғанымыздай, елдегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз. «Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек.

Президент Үкіметке жемқорлықпен күрес жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды

Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарды. Қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды. Қазір оның 383-і салынып бітті. Алайда Президент нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтынын сынға алып, саладағы жемқорлық компаниялардың ең осал тұсы екенін айтты. Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Кейінгі кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған. Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады.

Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды

Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға зиян тигізуді ойлап жүр. Президент өз сөзін осылай деп қорытындылап, барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сапалы салынуы керек деді. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Енді Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамын Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы аптаның басында жариялайды. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қадам.

Авторлары: Әлішер Әли, Дильмурад Сейдаханов

Сондай-ақ оқыңыз: