«Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті
Балалардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау және білім алуына жағдай жасау. Бұл – «Қазақстан балалары» депутаттық тобы жұмысының негізгі бағыттары. Топтың алғашқы отырысына Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мен бастама авторы, депутат Дана Медеуова қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Бірлескен жұмысқа мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның өкілдері де қосылды. Депутаттар UNICEF-пен бірге заңнаманы жетілдіріп, балалардың мүддесін көздейтін шешімдердің әр өңірде орындалуына күш салмақ.
Балаларға қатысты мәселелерді шешу үшін ортақ тәсіл әзірлеп, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру. Жаңа депутаттық топтың басты міндеті осы. Орталық Азиядағы осындай алғашқы алаң әртүрлі фракцияның депутаттарын біріктірді. Топ Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен құрылды. Оның жұмысына «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы негіз болады. Топ жетекшісінің айтуынша, ендігі міндет – тұжырымдаманы іске асыратын ведомстволардың, әсіресе өңірлердегі мекемелердің, жұмысын үйлестіру.
Дана Медеуова, ҚР Құрылтай депутаты, «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жетекшісі:
– Бүгін «Қазақстан балалары» депутаттық тобы жұмысын бастады. Біздің мақсатымыз – құқықтарын қорғау және заңнаманы жетілдіру. Отырысқа мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам бірлестіктерін тәжірибе алмасуға шақырдық. Жалпы халқымыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзін естен шығармағанымыз абзал.
Депутаттық топтың алғашқы қадамы UNICEF-пен ниет туралы хатқа қол қою болды. Тараптар заңнаманы бірлесіп жетілдіруге және балалардың мүддесін қорғауға бағытталған жобаларды қолдауға уағдаласты. Өңірлерге ерекше көңіл бөлінеді. Қазір әкімдіктермен тікелей байланыс орнатылып, жергілікті жерлерде үйлестірушілер тағайындалып жатыр. Бұл әр өңірдегі балалардың қажеттілігін ескеруге мүмкіндік береді. ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуынша, жаңа сын-қатерлерге байланысты балаларды қорғау тәсілдерін ұдайы қайта қарап отыру қажет. Қазақстанның бұл тәжірибесі Орталық Азияның өзге елдеріне де пайдалы болуы мүмкін.
Абдул Фофана, UNICEF-тің өңірлік директорының орынбасары:
– Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау бағытында айтарлықтай жетістіктер бар. Балалар өлімі азайып, білім алуға деген мүмкіндік артты. Ендігі міндет – әлеуметтік қорғау мен инклюзияны күшейту. Яғни қай жерде тұратынына қарамастан әрбір бала сапалы қызметтер алуы тиіс. Кибербуллингпен күрес және бюджет қаражатын тиімді бөлу мәселелері де маңызды. Депутаттық топтың жұмысы жаңа заңдар мен реформаларды қабылдаумен шектелмей, балалардың өміріне нақты өзгерістер әкелуі керек. Ең бастысы, әр бала қажетті көмекті уақытылы алып, сапалы қызметтерді пайдалана алуы тиіс. Депутат Дана Медеуованың осындай бастама көтергені өте орынды.
Депутаттық топтың жұмысына азаматтық қоғам өкілдері мен халықаралық сарапшылар да тартылмақ. UNICEF қажетті талдамалық деректер ұсынып, сараптамалық қолдау көрсетуге және өзге елдердің парламентшілерімен тәжірибе алмасуға көмектесуге дайын. Жиында балалардың өз пікірін ескеру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Себебі қабылданатын шешімдер мамандардың бағалауынан бөлек, өскелең ұрпақтың нақты қажеттіліктеріне де негізделуі тиіс.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Әсем Өтешева, Самат Қазанбаев