Жолдау-2026: Атырау облысында 14 мектеп салынып жатыр
Атырау облысында 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Барлық нысан келесі оқу жылында ел игілігіне тапсырылады, деп хабарлайды 24KZ.
Биылғы Жолдауында Президент әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетінін айтқан еді. Бұл өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен білім беретін мектеп азаяды.
300 орындық жаңа мектеп 1970 жылы пайдалануға берілген ескі ғимараттың орнында салынып жатыр. 7 блоктан тұратын, 2 қабатты нысанда оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалады. Қазір құрылыс алаңында 100-ге жуық адам еңбек етуде. Жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Мектеп тапсырылған кезде 2 ауысымда 600 бала білім алатын болады.
Серік Асанов, «Батыс АльянсСтрой» ЖШС учаске басшысы:
– Ішкі жұмыстар: әрлеу, бояу жұмыстары жүріп жатыр. Сыртқы жұмыстар: жылу трассасы, су құбыры, телефонизация жұмыстарының бәрі аяқталды. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар футбол алаңы жасалып жатыр. Жоспар бойынша нысан келесі жылдың шілде айында тапсырылуы тиіс. Біз осы жылдың аяғына дейін тапсыруға жұмыстанып жатырмыз.
Облыс орталығында 4 мың оқушыға арналған 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қосымша 4 мектепке жапсарлас ғимарат салынады. Одан бөлек, 4 аудандағы 4 мектептің құрылысы келесі оқу жылында аяқталады. «Сол кезде апатты және 3 ауысыммен бала оқытатын мектептердің жүктемесі азаяды», – дейді жауаптылар.
Аида Базылова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
– Облыс бойынша апатты мектептер саны – жетеу. Үш ауысымда оқытатын 5 мектеп болды. «Еркінқала-2» шағынауданында және жаңа драма театр аумағында 2 мың орындық BINOM SCHOOL пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымда оқытатын мектептер саны 5-тен 3-ке азайды. Енді жыл соңына дейін Атырау қаласындағы «Тасқала-2» шағынауданында тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ол тапсырылған кезде мектептер саны тағы да азаяды.
Биылғы оқу жылында 8 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 12 мың оқушы сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Жалпы өңірде 160 мыңдай шәкірт оқып жатыр, оның 16 мыңы мектеп табалдырығын биыл аттады. Жергілікті билік 2029 жылға дейін апатты және 3 ауысымда білім беретін мектептер мәселесін толық шешеміз деп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов