Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының жұмыс отырысы өтті
Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының алғашқы жұмыс отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Жиынды ашқан Ерлан Қарин сараптама тобының негізгі міндеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы еліміздің ұзақмерзімді даму бағдарлары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау екенін атап өтті. Вице-Президент құжатты әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдеріне тоқталып, бұл жұмыс биыл күшіне енген Конституция аясында да айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:
– Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанның даму бағдарлары мен басымдықтарын айқындайтын ұзақ мерзімді стратегиялық құжат әзірлеу міндетін қойды. Бұл міндет дәл қазіргі жағдайда айрықша маңызға ие. Өйткені Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Ел ішінде де, әлемде де ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мұндай құжат тек салалық бастамалар тізбесі емес, ең бастысы мемлекет пен қоғам үшін ортақ бағдарға айналуға тиіс және ұлттық құндылықтарды болашақтың бейнесін стратегиялық басымдықтар мен қажетті өзгерістердің жүйелі ретін бір арнаға тоғыстыратын құжат болуға тиіс.
Жиын барысында Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастырудың тұжырымдамалық тәсілдері мен әдіснамасы, сараптама тобы жұмыс жоспарының жобасы қаралды. Келесі отырыста сараптама тобының мүшелері Қазақстанның даму жағдайына ықпал ететін жаһандық және өңірлік үрдістерді талқыламақ.