AI Journey 2026 – жаһанның жаңа идеялары тоғысқан алаң
Мәскеуде жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 халықаралық конференциясы басталды. Биылғы келелі жиын үш күнге жалғасады, деп хабарлайды 24KZ.
Бірер сағаттан кейін форумға Мемлекет басшысы қатысып, пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Бұдан бөлек, жауаптылар саладағы жоғары жетістіктерді таныстырады.
Әлішер Әли, тілші:
– Ресей астанасында жасанды интеллекке арналған AI Journey форумы басталды. 2016 жылдан тамыр тартатын дәстүрлі жиын биыл үш күнге жалғасады. Қатысушылар бірінші күні жасанды инттелектіні қоғамда пайдалануды зерделесе, кейін бизнес және ғылымда қолдануды қаузайды. Биылғы жиынға Мемлекет басшысы да арнайы келді. Кеше Владимир Путинмен кездесуінде саясаткерлер тәжірибе алмасу жайын талқылады. Иә, салада еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-шы орынға көтерілгеніміз бұған дәлел. Ел азаматтарының цифрлық сервистерді пайдалану деңгейі 1,5 есеге өскені тағы бар. Бүгін жауаптылар осы және салаға қатысты өзге де жетістіктерді жаһандық форумда таныстырады.
Ростислав Коняшкин, ҚР ЖИЦДМ бірінші вице-министрі:
– Жиында Қазақстанның цифрлық саладағы негізгі жетістіктерін көрсетеміз. Цифрлық үкімет туралы сөз қозғаймыз. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді ғана емес, тұтастай мемлекеттік аппаратты қалай цифрландырып жатқанымыз, азаматтарымыз үшін жасанды интеллект құралдарын қалай енгізіп жатқанымызды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жұмысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қалай пайдаланып жатқанымыз туралы баяндаймыз. Сонымен қатар жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлау мәселесіне тоқталамыз. Әрине, Astana Hub төңірегінде қалыптасып жатқан экожүйе, көлік-логистика саласын цифрландыру, Ұлттық банктің қаржы секторындағы цифрландыру бастамалары және, сөзсіз, электрондық үкімет саласындағы жетістіктеріміз туралы да айтып береміз.
Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Тапсырмаларды жүйелі іске асыру және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу еліміздің әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуына мүмкіндік берді. Бұған қоса, заманауи технологиялар негізінде толықтай қайта жазылған eGov жүйесі құрылды. Бүгінде платформаға 17 млн-ға тарта адам тіркелген. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында eGov арқылы 51 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың үштен екісіне жуығын азаматтар смартфон арқылы алған. Елдегі банктер де цифрлық қызметтерді ұтымды пайдаланып келеді.
Бинұр Жаленов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары:
– Бұл дегеніміз – адам белгілі бір қаржылық операцияларды жасанды интеллект агентіне тапсыра алады. Мысалы, коммуналдық қызметтерді тұрақты түрде төлеуді немесе Алматыға ең арзан әуе билетін тауып, сатып алуды тапсыруына болады. Сонымен қатар бүгінгі форумда Ресей Федерациясы тарапынан ұсынылған қызықты шешімдермен де таныстық. Бұл бағытта Ресейде де белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара қолдау көрсете аламыз.
Иә, саладағы жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Енді еліміз Ресейдің жоғары технологиялық компанияларының қызметін, әсіресе киберқауіпсіздікті дамыту барысын зерделеуі қажет. Оны кеше Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ал жасанды желіге негізделген жаһандық жиынның пленарлық отырысы бірер сағаттан кейін басталады.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев