«Әділет» партиясы сайлауалды науқанын қорытындылады

"Әділет" партиясы бір айда ел бойынша 106 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасын өткізіп, 5,6 млн адам қамтылды.

Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында сайлауалды штабтардың жұмысы қорытындыланып, партияның сайлаушылар алдындағы міндеттемелерін іске асыру жолдары талқыланды. Партия барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына 3817 кандидат ұсынған. Бір айда қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 5 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш түскен. Партия төрағасы Президент Жолдауында белгіленген экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлердің әлеуетін нығайту міндеттеріне тоқталды. Осы ретте Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы әзірленді. 

Айбек Дәдебай, "Әділет" партиясының төрағасы:

- Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөнінде арнайы кеңес құрылды. Алдағы уақытта партия атынан сайланатын мәслихат депутаттарымен Құрылтайдағы әріптестерімізбен байланысын барынша нығайтамыз. Өңірлерде көтерілген өзекті мәселелер Құрылтай мінберіне жетіп, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан шешімін табады. Ал қабылданған заңдар мен мемлекеттік бастамалардың жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуына мәслихат депутаттары да белсенді атсалысуы қажет. Осылайша орталық пен өңірлердің арасындағы байланысты сапалы түрде күшейтіп, халықтың талап-тілегін тез әрі нақты іске айналдыратын тиімді жүйені қалыптастырамыз. 

Партия төрағасы сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және тыныштық күні басталған сәттен бастап үгіт-насихат жұмыстарын толық тоқтатуды тапсырды. Елде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз: