Байқаушылардың сайлау кезіндегі жұмыс тәртібі қандай?

Байқаушылардың сайлау кезіндегі жұмыс тәртібі қандай?

Сайлау басталғанға дейін Қазақстанда жұмыс беруші тарапынан дауыс беруге қысым жасаудың 3 дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанның азаматтық альянсымен бірлесе отырып, бұл деректерді тексеруге кірісті. Бүгінде ұйым 18 мыңнан астам тәуелсіз байқаушыны дайындап шығарған. Мақсат – сайлаудың таза және әділ өтуін қамтамасыз ету. Науқан кезінде байқаушылардың жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Кәсіподақтар федерациясы күні бүгінге дейін 7 мыңнан астам байқаушыларды әзірлеп шығарды. Сайлау күні олар дауыс беру басталмай тұрып, тиісті учаскеге келеді. Сайлау комиссиясының мүшелерімен бірге дауыс беру бөлмелерін, жәшіктерді тексеріп, тиісті құжаттарды бір мәрте пысықтап алуы тиіс.

Нұрлан Өтешев, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

- Кәсіподақтар федерациясының тарапынан шығатын байқаушыларға толықтай мына тренинг арқылы, оқу процесі арқылы өздерінің рөлдерін анықтап бергенбіз. Ең біріншіден, байқаушының басты мақсаты – бәрін қарап, фиксация жасап, бірақ та ешбір процеске кіріспеу. Ең бастысы сол.

Сайлауды байқауға аккредитациядан өткен шетел азаматтары, қазақстандық партиялар мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатыса алады. Қай ұйымнан болмасын, байқаушыға қойылатын талап бір.

Алдымен тіркеу журналына жазылуы тиіс.  Мұнда фото-бейне жазба жүргізуге рұқсат берілген. Тек құпия дауыс беру нәтижесін жария етпесе болды. Десе де, тікелей трансляция жүргізуге тыйым салынған. Сондай-ақ комиссия мүшелеріне еріп, сайлау учаскесі аумағынан тыс жердегі дауыс беруді бақылай алады. Әр сайлау учаскесінде әр ұйым атынан бір байқаушыдан ғана қатыса алады.

Амангелді Боданов, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Сайлау учаскесінің төрағасы ол заң бұзушылықтарды байқаған жағдайда ескерту жасайды. Ескертуге көнбеген жағдайда акт толтырылып, барлық сайлау комиссиясының мүшелері жазбаша қол қойып, оны сол учаскеден шығаруға құқылы. Төрағаның шақыртуымен құқық қорғау органдарының өкілдері келіп оларды залдан шығаратын болады.

Құқықтық нормалардан бөлек, байқаушылар санитарлық талаптарға бағынуға міндетті. Бетперде тағып, арақашықтықты сақтау – таңдау жасаудағы еркіндікке пара-пар.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Сұлтанғазы