Мемлекет басшысы қайта сайланған Португалия президентін құттықтады

Мемлекет басшысы қайта сайланған Португалия президентін құттықтады

Мемлекет басшысы Португалия Республикасының қайта сайланған Президенті Марселу Ребелу де Соузаны құттықтады.

Қасым Жомарт-Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өз атынан Марселу Ребелу де Соузаны Португалия Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Сайлаудағы жеңісіңіз – халқыңыздың сізге және Португалияның саяси-экономикалық тұрақтылығы мен оның халықаралық беделін нығайтуға бағытталған сарабдал саясатыңызға деген сенімінің айқын дәлелі екені сөзсіз. Осы тұста Сіздің қажырлы еңбегіңіз еліңізді бүгінгіден де биік белестер мен тың табыстарға жетелей беруіне тілектестігімді білдіремін. Қазақстан мен Португалия арасындағы дәстүрлі достық пен мазмұнды саяси диалогты, әлеуеті жоғары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту мақсатында Сізбен бірге күш-жігер жұмылдыратынымызға сенімім мол, – делінген жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Португалия Республикасының Еуропалық одақ кеңесіндегі жақында басталған төрағалығына толағай табыс тілеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім негізіндегі жан-жақты байланыстардың өрістей түсетініне зор үміт артатынын атап өтті.