Түркістан облысында 60 ауылдық округтің әкімі қайта сайланады

Түркістан облысында биыл 60 ауылдық округтің әкімі қайта сайланады.

Қазір өңірдегі 242 сайлау учаскесінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін саяси науқанға қатысу үшін 50 үміткер өзін өзі ұсынған. Есесіне 5 ауылдық округ пен тіркелген саяси партиялардан әлі күнге дейін бір де бір үміткер тіркелмепті.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, сайлауға дейін әлі біраз уақыт бар. Негізгі үміткерлер енді тіркелуі мүмкін. Жалпы саяси науқанға жасы 25-тен асқан кез келген ҚР азаматы қатыса алады. Тек еңбек өтілі 6 жылдан кем болмауы және бюджеттік салада еңбек еткен болуы тиіс.

Данияр Оразымбетов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі: 

- Жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, қазіргі кезде 60 ауылдық округтің 242 сайлау учаскесінде дайындық жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлауды құқықтық қамтамасыз ету бойынша көмектер беріліп жатыр.

Айдарбек Әмірбек, саясаттанушы:

- Сайланған әкім дер кезінде мәселені шешуге атсалысуға, тез арада шешім қабылдауға, бұрын аудан әкімдері тікелей тағайындалса, енді тікелей халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, өздері халықпен ақылдаса отырып, пікірін тыңдау арқылы мәселелерді шешуге белсенді атсалысады деп ойлаймын.