Ауғанстан елінен Алматыға тағы бір борт келіп қонды

Ауғанстан елінен Алматыға тағы бір борт келіп қонды

Қазақстанға Ауғанстаннан БҰҰ-ның қызметкерлері жеткізілді.

Түнде Алматы қаласының әуежайына Ауғанстан елінен тағы бір борт келіп қонды. Ресейлік ұшақта Біріккен Ұлттар Ұйымының 140 қызметкері болды. Олар Ауғанстандағы ахуал реттелгенше өз жұмысын қашықтан жүргізбек.

Айта кетерлігі, жағдай ушыққанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстаннан көмек сұрап, қызметкерлерін уақытша Қазақстан аумағында орналастыруды өтінді. Олардың арасында біздің елдің азаматтары жоқ. Ел Президенті халықаралық ұйымға қолдау көрсетуді жөн көрді. Бірақ олардың шығындарын Біріккен Ұлттары Ұйымының өзі көтереді.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанда бірнеше ай бойы жұмыс істейді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Шри-Ланка, Африка елдерінің азаматтары бар. Президентіміз олардың қызметіне қолдау көрсетуді тапсырды. Ал, еліміздің Ауғанстандағы елшілігі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ол жақта бірнеше қазақ отбасы бар. Олармен үзбей байланыс орнатып отырмыз. Барлық қажетті шараны жүзеге асырамыз.

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

- Әріптестерімізді қабылдаған Қазақстан Үкіметінің қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің бұл қызметкерлер әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің, оның ішінде еуропалық және Солтүстік Америка және басқа аймақтағы елдердің азаматтары. Әріптестеріміз осы Алматыда отырып, Ауғанстанға көмек көрсету бағытында жұмысын жүргізе бермек. Бірақ мынаны нақты айтқым келеді: Біріккен Ұлттар Ұйымы осы сындарлы кезеңде Ауғанстаннан кетпейді, біраз бөлігі сол жақта қалып, гуманитарлық көмекке мұқтаж миллиондаған ауған азаматына көмек көрсету ісін жалғастырады.