М.Әшімбаев ТМД ПА пленарлық отырысына қатысты

М.Әшімбаев ТМД ПА пленарлық отырысына қатысты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 53-пленарлық отырысына қатысты.

Басқосуға қатысушылар пандемиядан кейінгі кезеңдегі даму мәселелерін талқылап, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңызына тоқталды. Осы орайда Қазақстан Сенатының Төрағасы болашақта биологиялық апаттар мен қазіргідей дағдарыстың алдын алуда Достастық елдерінің бірлескен қимылының берері мол екенін айтты. Сондай-ақ ол серіктес мемлекеттерді Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.

Мәулен Әшімбаев,  Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жанынан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтерді. Бұл құрылым құрылған жағдайда коронавирус пандемиясы сияқты дағдарыстарға жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдауды көздейді. Одан бөлек Агенттік тарапынан адамзатқа төнетін сын-қатерлер мен қауіптердің жаңа түрлеріне қарсы тұруға ықпал етуге мүмкіндік туар еді. Біз ТМД елдеріндегі әріптестерімізді Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруға қатысты бастамасын қолдауға шақырамыз.  

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ассамблея алаңында бірқатар екі жақты кездесу өткізді. Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимылын одан әрі нығайту мәселесі сөз болды. Сенат Төрағасы Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкоменде кездесті. Жиында екі жақты байланысты нығайту бағыттары және трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды.