Елбасы Ресейге ресми сапармен барды

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге ресми сапармен барды. Бұл туралы алдыңғы жаңалықтарда айтылған болатын, деп хабарлайды Хабар 24.

Кешкілік Елбасы ұшағы Санкт-Петербург қаласының әуежайына келіп қонды. Биыл ТМД-ның құрылғанына отыз жыл толды. 1991 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ның қағидаттары және мақсаттары бекітілген маңызды құжат – Декларацияға қол қойылды. Сол декларация негізін қалаған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы қазіргі таңда мүше елдерді етене жақындата түскен бірегей алаң ғана емес, саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстарды сақтап қалуға, нығайтуға зор ықпал еткен халықаралық деңгейдегі беделді ұйым саналады. Алмағайып заманда құрылып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген ТМД-ның әлеуетін арттырып, халықаралық аренадағы орнын белгілеудегі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегі зор.

Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей президенті Владимир Путин ертең болатын саммитке арнайы шақырды.