Қ.Тоқаев: «Nur Otan» партиясын өзгертеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр Отан партиясының төрағасы болды. Президент саяси ұйымның қызметіне көңілі толмайтынын айтты. Сондықтан партияның қызметі өзгереді. Партияға халық сеніміне ие көшбасшылар тартылады. Сайлауалды бағдарламада қамтылған міндеттердің орындалуы қайта қаралады, деп хабарлайды Хабар 24.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі. Жиынға елдің барлық өңірінен 400-ге тарта делегат қатысты. Съезд басталысымен-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының төрағасы етіп сайлауды ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан қолдау тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– «Nur Otan» партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміз өз дамуының өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, мен «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды біріктіру жөніндегі жұмыстан туындады.

ПАРТИЯҒА ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕ ИЕ КӨШБАСШЫЛАР ТАРТЫЛАДЫ

Сайланған соң Президент партия алдындағы міндеттерді атады. «Нұр Отанның» жұмысын өзгерту керек деді. Ұйымға халық сеніміне ие көшбасшылар тартылады. Ал мұндай іскер адамдар «Нұр Отанда» аз. Бұл кешегі сын сағатта да аңғарылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Қиын сәтте партияның барлық ауқымды кадрлық және адами әлеуеті, оның барлық инфрақұрылымы толық жұмылдырылмады. «Nur Otan» оқиғалардың бел ортасында және процестердің алдыңғы шебінде болуғы тиіс. Енді сырттай бақылап жүруге болмайды.

ТАПСЫРМАЛАР ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА ОРЫНДАЛҒАН

Партия мемлекеттік органдардың жұмысын көшіруді доғару керек. Мемлекеттік аппараттың қызметі бір бөлек, «Нұр Отанның» қызметі бір басқа. Саяси ұйым идеология мен және кадрлық мәселемен айналысуы тиіс. Өткен сайлауда халықтың басым дауысына ие болған «Нұр Отан» бұл сенімді пайдалана алмады. Көзбояушылық жасады. Тапсырма, жоспар, міндеттер негізінде қағаз жүзіне ғана орындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Партияның сайлауалды бағдарламасы 74 процентке орындалды. Үкімет былтыр жыл қорытындысын жасағанда осылай есеп берді. Алайда көздеген меженің орындалғанына, айтылған санның дұрыстығына кім кепіл? Орындай алмайтын уәдені халыққа үйіп төгудің қажеті жоқ. Арық сөйлеп, семіз шығу керек.

ПАРТИЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ӨЗГЕРЕДІ

Осы ретте Президент партияға Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесіп сайлауалды бағдарламада қамтылған міндеттердің орындалуын қайта қарап шығуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Партия құрылымын қайта қарап және оңтайландыру арқылы өзінің ұйымдастырушылық тиімділігін арттыруы керек. Партия аппаратын сервистік модельге қарай құруға басымдық беру қажет. Ұйымдастырушылық құрылымды да қайта қарайтын уақыт келді. Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек.

ДЕПУТАТТАР ФОРМАЛИЗМ, ПОПУЛИЗМНЕН АУЛАҚ БОЛУЫ ТИІС

Реформаларды сапалы заңмен қамтамасыз ету үшін Мәжілістегі партиялық фракцияға сілкініс керек деді. Фракция мүшелері формализм, популизмнен аулақ болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу аса маңызды, осы орайда шалғайдағы ауылдарға бару керек. Парламентте депутаттар жолдайтын сауалдардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындардың проблемасын шешетіндей болуы қажет.

ДЕПУТАТТАРДЫ АШЫҚ РЕЙТИНГПЕН БАҒАЛАУ КЕРЕК

Депутаттардың халық алдында тиісті дәрежеде абыройы жоқ. Қаңтардағы қасіретте біз бұған айқын көз жеткіздік, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Депутаттарды өткір сынаған Президент  мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясының депутаттарын ашық рейтингпен бағалау керектігін айтты. Сосын «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Партияның бүкіл ел бойынша 238 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Бірақ олардың жұмысы көріне бермейді. Сонымен бірге азаматтардың барлық өтінішін бақылауға алып, қатаң қадағалап отыру маңызды. Лауазымды адамдар тарапынан әділетсіздік немесе жұмысына ат үсті қарауы байқалса, оларды партиялық жауапкершілікке тарту керек. Болары болып, бояуы сіңгесін әрекет етпей, алдын ала жұмыс істеу қажет.

ПРЕЗИДЕНТ «JAS OTAN-ДЫ» СЫНҒА АЛДЫ 

Қаңтардың қасіретіне де жемқорлықтың қатысы бар. Президент осылай деді. Сондықтан партия мүшелері осы қылмыспен күресуде белсенді болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бүгін тек нұротандықтар ғана емес, жасотандықтар да сөз естіді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– «Jas Otan» нақты жұмыс істеу үшін зор әлеуетке ие. Партияның жастар қанатында бүкіл еліміз бойынша 100 мыңнан астам мүше бар. Бірақ осынау айтарлықтай ресурс лайықты қолданылмай отыр. «Jas Otan» қатарына пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын, жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту қажет. Мемлекет жастарды жұмыспен қамту, білім беру және оқыту саласында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруда. Алайда әлеуметтік сауалнама нәтижесі жастардың ол бағдарламалар жайында хабарсыз екенін көрсетті.

Қ.ТОҚАЕВ Н.НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Алдағы уақытта аты дардай кәсіпкерлер барынша игі істерге тартылады. Президент ірі бизнестің қайырымдылық процесін реттеуі үшін арнайы Жарлық шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Алқалы жиын кезінде Мемлекет басшысы Елбасына қатысты пікір білдірді. Еңбегін атады. Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін ұмытпаған жөн. Қателеспейтін адам жоқ, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Біз бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Елді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Барлық сала қайта жаңғыртылады. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес, деді Мемлекет басшысы һәм «Нұр Отанның» төрағасы. Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев партияның басшылығында ұзақ отырмауы да кәдік. Себебі «біраз уақыттан кейін, мүмкін, осы жылдың соңына қарай, менің Nur Otan-ға одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта оралуымыз мүмкін», – деді Президент.