Саясаттанушы: Украинадағы жағдай Қазақстанға әсер етпейді 

Қазақстан Украинадағы қақтығыс аймағына кірмейді және біздің әскери саламызға ешқандай қысым болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай мәлімдемені қазақстандық саясаттанушы Рустам Бурнашев айтты. Ол қалыптасқан жағдайда ахуал Батыстың қандай шешім қабылдайтынына байланысты болатынын атап өтті. Бірақ Ресейге салынатын санкциялардың түрі мен қатаңдығына байланысты Қазақстанға ықпал күшейе түсуі мүмкін деп отыр.

Рустам Бурнашев, әскери саясаттанушы:

– Егер біз әскери сегментке байланысты айтатын болсақ, бұл жерде Қазақстан қақтығыс аймағына тікелей кірмейді. Ал еліміздің Ресеймен бірге мүше ұйымдар мен қол қойған құжаттары мұндай операцияларға қатысып, қолдау білдіруге міндеттемейді. Қазақстан Грузиядағы оқиғалар, Украина мен Қырымдағы жағдайлар сияқты Ресейдің соңғы жылдары жүргізген сыртқы саяси акцияларынан ептілікпен алшақтай білді. Сондықтан елімізге тікелей ықпалы болмайды, тек жанама әсер етуі мүмкін.