Президентке субсидиялау мен кеден ісі туралы мәлімет берілді – Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында Президентке еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде және Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысына халықаралық аренадағы соңғы оқиғаларға байланысты экономиканы дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарының негізгі қырлары таныстырылды. Қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеуге және қираған мемлекеттік нысандарды қайта қалпына келтіруге қатысты жұмыстар жайында мәлімет берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау жүйесін және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру мәселелері туралы мәлімет берілді. Премьер-Министр Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылуы және 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға дайындық жұмыстары жөнінде есеп берді.