Ресейдегі қазіргі ахуал. LIVE

Ресейдің Украинамен шекаралас аймағында әуе кеңістігі жабылды. Ұшақтар Астрахан, Волгоград, Воронеж, Белгород, Орел және Брянск облыстарын айналып ұшуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өңірлерде 12 әуежай әуе кемелерін қабылдамай отыр. Осы орайда Мәскеудегі меншікті тілші Дана Нұржан Дондағы Ростов қаласынан тікелей байланысқа шықты. Журналист Ресейдегі қазіргі ахуал мен кейбір аймақтарда көлік қатынасы тоқтағанын мәлімдеді.

Дана Нұржан, тілші:

– Владимир Путин бүгін таңғы сағат 5-те Донбасста әскери операция басталғанын жариялағаннан кейін бірден Украинаның бірқатар қалаларында, соның ішінде Харьков пен Киевте жарылыстар туралы хабарлана бастады. Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның әскери инфрақұрылым нысандарына соққы бергені туралы хабарлады. Киев, Харьков және Одесса аймағындағы аэродромдар мен командалық пункттерге шабуыл жасалды. Әскери ведомство Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен әуе базаларының инфрақұрылымын жойғанын жариялады. Өз кезегінде Украина билігі Киев, Хмельницкий, Днепропетровск, Винница облыстарындағы әскери бөлімдер мен қоймаларына шабуыл жасалды деп хабарлады. Өз кезегінде Ресей билігі де Ресей территориясын атқылағанын хабарлады. ФСБ Курск облысындағы шекара бекетін атқылағаны туралы мәлімдеді. Белгород облысында алты снаряд құлағаны тіркелді.  Айта кетейін, кәзір Украина мен Ресей дипломатиялық қарым-қатынасты үзді. Яғни қазір екі тарап дипломатиялық қарым-қатынас мүмкіндігінен айырылған.

Сондай-ақ әскери операция басталғаннан бері кеме қатынасы мен әуе қозғалысы және Азов теңізіндегі кеме қатынасы уақытша тоқтатылды. Ресейдің Украина шекарасына жақын әуе кеңістігі азаматтық ұшақтар үшін жабылды. Әзірше шектеу 2 наурызға дейін деген ақпарат бар. Краснодар, Астрахань, Волгоград, Воронеж, Белгород, Орел және Брянск облыстарының әуе кеңістігінде  азаматтық ұшақтардың ұшуына тиым салынды. Аталған аймақтардағы 12 әуежай рейстерді қабылдамайды. Көлік министрлігі бізге еліміздің оңтүстігінен барлық ниет білдірген азаматтар теміржол және автобуспен жедел шығарылатынын айтты.

Ресейдің Украинамен шекаралас бірнеше аймағында, соның ішінде Белгород облысы мен Қырым жақта мектептерде оқу процесі уақытша тоқтатылған. Бұл негізі шекарада орналасқан елді мекендерге қатысты. Ал ресейліктерді рубльдің күрт құлдырауы  алаңдатып отыр. Ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 90 рубльге дейін жетті. Көптеген банкоматтарда тіпті валюта да жоқ, доллар сатып алу мүмкін емес. Мәскеу биржасы мен РТС индекстері 45% пайызға құлдырағаннан кейін Орталық банк биржа нарығындағы сауданы тоқтатты. Әзірге жағдай осындай. Біз ахуалдың әрі қарай қалай өрбейтінін бақылаймыз.