Қазақстан – Вашингтон арасындағы стратегиялық әріптестік жалғасады

Қазақстан – Вашингтон арасындағы стратегиялық әріптестік жалғасады

Осы аптада АҚШ-тың жетекші сараптама орталықтарының бірі саналатын Атлантикалық кеңестің алаңында «Қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарға отыз жыл: қаңтар дағдарысы және болашаққа жол» атты панельдік пікірталас өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында Қазақстанның қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси және экономикалық реформалары және қос ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың маңыздылығын талқылады. Қатысушылар Қазақстанның ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ал Қазақстанның елшісі панельге қатысушыларға қаңтар оқиғаларының түпкі себептерін жою бойынша атқарылып жатқан шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар Атлантикалық кеңестің сарапшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестіктің нығая түсеріне сенім білдірді. 

Джон Хербст, Атлантикалық кеңес еуразиялық орталығының директоры:

– Мен жылдар бойы АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі Қазақстан деп айтып келемін. Қазір мұның өзектілігі тіпті арта түсті. Алдағы уақытта АҚШ-тың жоғары ресми өкілдерін Қазақстанға жіберіп, Қазақстанның өкілдерін Вашингтонға шақырып, осылайша әріптестікті арттыруымыз қажет. Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтандырушы және теңгеруші рөлін атқарып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеген көпвекторлы сыртқы саясатын сәтті жүзеге асырып келеді.