Еуроодақтың Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейту маңызды – О.Виллокс

Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкциялары Қазақстанның Еуропамен кәсіп жүргізуіне кедергі келтірмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бельгия екі ел арасындағы қазіргі және болашақ сауда ынтымақтастығына қолдау білдіруге дайын. Бұл туралы Брюссельде Бельгияның сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Оливье Виллокс Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевпен кездесуден соң мәлімдеді. Ал Қазақстан делегациясының Бельгия экспортын ілгерілету жөніндегі агенттігімен кездесуінде екіжақты сауда ынтымақтастығын кеңейту мен дамыту мәселелері талқыланды.

Қайрат Төребаев, ҚР сауда және интеграция вице-премьері:

– Былтыр Қазақстан мен Еуропа арасында сауда 21 процентке өсіп, 28,9 миллиард долларға жетті. Біз еуропалық нарыққа шығарылатын 200 миллион доллар көлеміндегі 53 тауарды таңдап алдық. Бұл ең алдымен ауылшаруашлық, фармацевтика, машина құрал-жабдықтары. Біздің басты міндетіміз Еуропаға дайын өнімдерді жеткізу. Шикізат тасымалдау саласы онсыз да жақсы жолға қойылған. Еуроодаққа мұнай жеткізіледі. Бұл бағытта ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Себебі Қазақстан бірде-бір қақтығысушы тарапқа жатпайды. Сондықтан біз аймақтық және халықаралық барлық міндеттерімізді орындай береміз. Біздің мақсатымыз Еуроодақпен сауданы дамытуға күш салу.

Оливье Виллокс, Брюссель сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

– Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясы қазіргіден де қатаңдатылуы мүмкін. Бізге ұнай ма, жоқ па, бірақ бұл шындық. Сондықтан біз Қазақстанның  Еуропамен бизнес жүргізуіне қолдау білдіруіміз қажет. Әйтпесе Қазақстан шектеулерден жаппа шегетін болады. Осы ретте Одақтың Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейту маңызды.