Геосаясат «Бәйтерек» жобасына әсер ете ме?

«Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені жобасы бастапқы жоспарға сәйкес іске асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының өкілі Сырым Ынтымақов мәлімдеді. Бірлескен жобаны іске асыру барысында Қазақстан ұшу алаңының инфрақұрылымын жаңғыртуды өз міндетіне алған. Ресей жағы «Союз-5» зымыранын жасайды. Ал қазір қалыптасқан  саяси-экономикалық жағдайда «Бәйтеректің» келешегі қалай болады? «Бәйтерек» жобасы 18 жыл бұрын Қазақстан мен Ресей президенттерінің бастамасымен қолға алынған. 2020 жылдың қазан айында «Бәйтерек» жобасын құру бойынша негізгі шартқа қол қойылды. Сол шартқа сәйкес ресейліктер «Союз-5» зымыранын жасайды. Заманауи зымыран кешені ғарышқа 17 тонна қажетті жүкті жеткізетін болады. Экологиялық тұрғыдан қауіпсіз РД-171 МВ қозғалтқышында жанармай ретінде керосин мен оттегі қолданылады. 

Сырым Ынтымақов, «Бәйтерек «Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ жобалық кеңсе  директоры:

– Сол шартқа қол қойылған күннен бастап бүгінгі таңда Бәйтерек жұмыстарының  керекті көлемін тағайындау үшін барлау жұмыстары жүргізілді. Эскиздік жоба шығарылды. Және де инженерлік зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда технологиялық жабдықтарды  сұрастыру үшін конструкторлық  құжаттамалар  әзірленуде. Құрылыс жұмыстарын осы жылы бастау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Ғарыш айлағында 42, 43 және 45-алаңдар қайта жаңғыртылады. Бұған дейін оларды ресейліктер жалдап келген. Қазақстанның меншігіне қайта өткен ескірген ұшу алаңдарын еліміз өз қаражаты есебінен қалыпқа келтіреді.

Сырым Ынтымақов, «Бәйтерек «Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ жобалық кеңсе  директоры:

– Жалпы жобаға тиесілі соманың мөлшері шамамен 90 млрд теңге. Сол 90 млрд-тан бүгінгі таңда шамамен 2,5 проценті жұмсалды.

Жоспар бойынша зымыран кешенінің алғашқы үлгісі келесі жылдың басында жасалуы керек. Сынақтан өткізу барысында «Байқоңырдан» 4 зымыран ұшыру көзделген. Жалпы «Бәйтерек» жобасының іске асуы «Байқоңырдың» дамуына жаңа серпін береді. Зымыран ұшу кезінде туындайтын экологиялық мәселеге басты мән беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ жобада Ресейге салынып жатқан әлемдік санкциялар да қаперге алынған. «Қазір шектеулердің жобаға әсерін азайту мақсатында ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», – дейді мамандар.

Авторлары: А. Садуақас, Г. Беденко