Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын  қолдайтынын айтты.

Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стартегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекетіміздің басшысы. 

Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу болды. Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.

 – Мен сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз, – деді Қырғызстан Президенті.

Сондай-ақ президенттер мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендерін айтты.