Сарапшы: Қазақстанда демократияландыру тез жүріп жатыр

Еуразиялық зерттеу орталығының сарапшылары осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның Пусандағы бас консулы Аян Қашабаев шет тілдер университетінің мұғалімдері мен оқушыларымен кездесті. Дипломат басқосуда алдағы референдум туралы баяндап, қатысушылардың түрлі сұрақтарына жауап берді. Студенттер, әсіресе, Украинадағы оқиғалардың Қазақстан экономикасына әсері, жемісті ұлтаралық саясат және еліміздегі кәріс компанияларының беделі бойынша көп сұрақ қойды. Пусан – Оңтүстік Кореядағы екінші ірі қала. Бұл шаһарда еліміздің Бас консулдығы өткен айда ашылған болатын.

Ли Дже Хек, Еуразиялық білім беру орталығының директоры:

– Шыны керек мен демократияландыруға көп уақыт кететін шығар деп ойлаған едім. Бірақ Қазақстан бұл жолмен жылдам қарқынмен жүріп келеді. Қазақстандықтар бірлесіп көп жетістікке жетті. Саяси реформалар экономика, білім сияқты көп салаға оң ықпал ететін болады. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы демократиялық өзгерістер. Олар аймақтағы өзге де елдерге ықпал етеді деп үміттенемін.