Зияткерлік меншік туралы заң қабылданды

Зияткерлік меншік туралы заң қабылданды

Бүгін Сенат депутаттары Зияткерлік меншік туралы заң қабылдады.

Құжат осы санатқа жататын барлық нысанды қорғауға бағытталған. Алдағы уақытта саладағы ұлттық заңнаманы халықаралық ережелермен сәйкестендіру көзделген. Енгізілген жаңа нормалар мемлекеттің заң тұрғысынан көрсетілетін көмегіне кепіл болады. Яғни аз қамтылған азаматтар қызметтің бұл түрін тегін ала алады. Оларға арнайы бекітілген консультанттар құқықтық қолдау көрсетеді.

Айта кетерлігі, бұл заңға Парламент депутаттарының өздері бастамашы болды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құжат зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласын айтарлықтай жетілдіруге сеп болатынын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Заң зияткерлік меншік құқығын жетілдіруді көздейді. Заңда зияткерлік меншік құқықтары мен өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту мәселесі қарастырылған. Заңда ұлттық заңнаманы осы саладағы халықаралық ұстаным мен тәжірибелердің ережелерімен сәйкестендіруге қатысты нормалар да бар. Сондай-ақ енгізілген нормалар мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу аясын кеңейтуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта осы заң елімізде зияткерлік меншік нарығын дамытуға, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз.