Реформалар Конституцияны өзгертумен шектелмейді – Әшімбаев

Реформалар Конституцияны өзгертумен шектелмейді – Әшімбаев

Конституциялық реформалар Ата Заңға түзетулер енгізумен шектелмейді.

Алдағы уақытта Парламент бірқатар жаңа заң қабылдап, қолданыстағы құжаттарды өзгертеді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев AMANAT партиясы жанындағы «Талқылау» диалог алаңының отырысында мәлімдеді. Спикер референдумға ұсынылған нормаларға тоқталды. Олар адам құқығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, Парламенттің ролі мен депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған, деді Мәулен Әшімбаев. Өңірлердің дербестігі мен жергілікті билікті нығайтып, саяси бәсекелестікті күшейту көзделген.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Референдумға шығарылып отырған конституциялық өзгерістер, реформалар, оның барлығы жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған қадамдар екенін бәріміз білеміз. Ал Жаңа Қазақстан, Президентіміз айтқандай, ең алдымен, әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан дегеніміз, біріншіден, заңның үстемдігі, екіншіден, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер беру дегенді білдіреді.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

- Конституциялық реформа және бүкілхалықтық референдум өткізу Қазақстанның әділдік орнаған ел болуға бет бұрғанына азаматтардың сенімін оятты. Біздің партиямыз – Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі. Сондықтан «аманаттықтар» бүкіл ел аумағында конституциялық түзетулерді түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысты. Өңірлерде халықпен кездесе отырып, біз қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық ғана емес, қоғамдық-саяси салалардағы өзгерістерге де үлкен сұранысы бар екеніне тағы да көз жеткіздік.