Бірқатар мемлекетте еліміздегі референдумға дауыс беру учаскелері жұмысын аяқтады

Әлемнің бірқатар мемлекетінде еліміздегі жалпыхалықтық референдумға арналған дауыс беру учаскелері жұмысын аяқтады. Алғаш болып Сеулдегі елшіліктегі, содан кейін Қытайдағы учаскелер жабылды. Қытайда дауыс берушілер 100 процент келген.

Кореядағы учаске Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17-00-де жұмысын аяқтады. Конституцияға өзгерістер енгізу іс-шарасына 131 қазақстандық қатысқан. 

Бұл тізімдегілердің 86 проценті. Қытайдағы учаске де жабылды. Қазақстандықтар бірден Бейжің, Гонконг және Шанхайда өз таңдауын жасады. Комиссия мүшелері 3 қалада да 100 пайыз дауыс берілді дейді

ҚЫТАЙ 

Балнұр Қосалиева, Қазақстан Республикасының азаматы:

- Менің ойымша, әр азамат осы референдумға келіп, конституциялық өзгерістерге өз таңдауымызды жасауымыз керекпіз және біз өзіміздің азаматтық парыз ретінде әр қайсымыз таңдау жасауымыз керекпіз. Бұл біздің жаңа Қазақстан үшін өте пайдалы алғашқы қадамдардың ең бастамасы деп білемін. 

Аида Алдиярова, Қазақстан Республикасының азаматы:

- Шетелде жүрсек те, осындай маңызды іс-шараға қатысқанымыз үшін өте қуаныштымын. Жалпы осындай үлкен, маңызды іс-шараға қатысу әр азаматтың құқығы деп есептеймін. 

РЕСЕЙ

Шетелдегі ең көп дауыс Ресейде жиналуы мүмкін. Себебі мұнда 2700-дей азамат тіркелген. Омбыда дауыс беру аяқталды. Ал  Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан мен Астраханьда жалғасуда. 

Қарлығаш Мұратова, зейнеткер:

- Жас та келіп қалды, өзім операциядан кейн шыққанмын сонда да келіп отырмын бір батамды берейін деп халқыма тілегімді тілейін деп бір дауыс болса да берейін деп. 

Раушан Садықова, көп балалы ана:

- Біз әр сайлауға отбасымызбен келеміз, өйткені балаларға кішкентай кезінен саяси мәдениетті, демократиялық құндылықтарды дәріптеу керек деп есептеймін. Бұл өте маңызды тарихи шара, өте қажетті тақырып деп ойлаймын өз басым. Еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда, оны ұмытпағанымыз жөн. Бүгін отандастарымызды көріп, еліміздің тағдырына бейжай қарамайтынын түсініп қуанып отырмыз.

ӨЗБЕКСТАН

Өзбекстандағы отандастарымыз белсенді. 500-дей адам дауыс береді деген болжам бар. Соңғы ақпар бойынша, 60 проценттен астамы таңдауын жасаған.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Ал Қырғызстанда консулдық есепке 350 азамат алынған. Олар студенттер, бірлескен кәсіпорын қызметкерлері мен дипломаттардың отбастары. Бішкектегі учаскелік комиссия таратқан мәліметке сай, 220-дай қазақстандық дауыс берген.

Мұхаммед Дулатов, референдумға қатысушы:

Ең алдымен, ұлым үшін, патриоттық рухты көрсету үшін дауыс беруге келдім.  Елдің болашағы оның дауысына байланысты екенін түсіндіру үшін келдім. Бәріміз бірігіп, атсалыспасақ, ештеңе де өзгермейді.

АҚШ

Дауыс беру процесі еуропа елдерінде жүріп жатыр. АҚШ-та да басталып кетті. Учаскелері ең соңғы болып жабылатын ел де осы Америка.

Владислав Цой, Ботагоз Сыргабаева, Дана Нуржан